Ақмола облысындағы киік етін сататын комбинатта жұрт кезекте тұр – репортаж

24.11.2023
Опубликовано в Банки и финансы

Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Сабынды ауылындағы ет комбинаты – «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері атқан киік етін тұрғындарға сататын жеті орынның бірі. Kazinform агенттігінің тілшісі Есімжан Нақтыбай Астана қаласынан 70 шақырым жердегі нысанға барып, киік еті қалай сатылып жатқанын көріп қайтты.

киік

Сабынды ауылының шетінде, оңаша тұрған ет комбинатының алдына келіп, көліктен түсе бастадық. Бізден бұрын келген екі көлікке жақындағанбыз. «Сіздер үшіншісіздер» деп, мұнда кезек барын бірден ұқтырды.

ет

«Астана Агропродукт» ЖШС-не тиесілі комбинаттың күзетшілері журналист екенімізді естіген соң басшылыққа хабарласып, мән-жайды түсініскенше жарты сағаттай уақыт жоғалттық. Бұл кезде бізден бұрын кезек алған көліктегілер ұшаларын тиеп, жайына кеткен.

Ішке кіріп бара жатқанда күзетшілердің бірі: «Түскі ас кезінде келгендеріңіз жақсы болды. Қазір қайта кезек аз ғой. Түстен кейін көбейіп кетеді кейде. Бір-бірлеріңізге кедергі жасамайтын болдыңыздар», — деді.

ет

Бірнеше есіктен өтіп, ғимараттың ет сақтайтын бөлігіне жеттік. Көзіміз бірден арсаға темір ілгекпен ілінген қой етінен аумайтын ұшаларға түсті.

Бұрын аң етін жеп көргендерден қоңыр аң азығын қырда жортып табатындықтан, еті майсыз болады дегенді еститінбіз. Мына еттің майы көзге көрініп-ақ тұр. Осы ойымызды комбинат қызметкерлеріне айтып едік: «Киік майын арқасына жинайтын сияқты ғой», — деп қысқа қайырды.

ет

Қалыпты күндері сиыр етін өңдеп сататын комбинат киік ату басталған кезден бері басқа жұмыстың бәрін тыйып, осы аң өнімін сатуға көшіпті. Демек, қоймада қазір киік еті ғана сақтаулы. Қойма қызметкерлері бізді осыған сендірді.

ет

Киік етін қабылдап, сатуға дайындау, сақтау жұмыстары қалай ұйымдастырылып жатқанын қойма меңгерушісі Алмагүл Смағұлова айтып берді.

«Бізге киіктердің ішек-қарнын ақтарып, бас-сирағын кесіп әкеледі. Ветеринар маман ішкі құрылысын қарап, сатуға жарамдыларын бөлек іріктейді. Сатуға жарамсыздары болса, утильге жібереміз. Ветеринар іріктегендері бізге келген соң терісін сыпырып, етін таза сумен шаямыз. Осыдан кейін бір күн тоңазытамыз. Тоңазыған етті санитариялық талап бойынша арнайы целлофанмен ораймыз. Мына көріп тұрғандарыңыз мұздатқышта күн асырып шыққан дайын ұшалар. Ет сақтайтын мұздатқыштың ішінде, -20 градус температура деңгейінде сақталу керек», — деп түсіндірді ол.

ет
ет

Мұнда етті тұтас ұша күйінде ғана сатады, яғни келілеп алу мүмкін емес.

«Бір ұшаның неше келі тартатыны киіктің жасына, жынысына байланысты. Текелері 30-35 келіге дейін барады. Қалғаны көбіне 10-15 келіден тартады. Еттің бір келісі – 1600 теңге. Келушілер көп деуге болады. Бір күнде 50 адам келген кездер болды. Киік атушылар жауынды күні шықпайды. Сондықтан бүгін терісін сыпыратын сәтке куә бола алмайсыздар. Күн райы ашық кезде күніне 100-150 киік әкелінеді. Біздің міндет – соны тазалап, тоңазытып үлгеріп тұру», — дейді Алмагүл Смағұлова.

ет

Киік етін алушылардың қолына комбинат мамандары екі құжат береді. Оның бірі – жүкқұжат анықтамасы болса, екіншісі – ветеринардың анықтамасы.

«Ветеринардың анықтамасы еттің қауіпсіз екенін, ешқандай ауруы жоқ екенін білдіреді. Талап еткен клиенттің бәріне береміз», — дейді қойма меңгерушісі.

Шайзада Сейітжанова есімді медбике де әңгімеге араласып, киік етін сатып жатқандарына бір айдай уақыт болғанын, әзірге еш адамнан шағым түспегенін айтты.

ет

Киік еті сатуға қалай дайындалатынын өз көзімізбен көріп, қайта сыртқа беттегенде комбинат ауласындағы көлік қарасы сәл көбейгені байқалды. Бесінші болып кезек алған тұрғын киік етін алу үшін Астанадан арнайы келгенін айтты.

«Бұрын киік етін жеп көрмегенмін. Таныстар «Алдық, жақсы екен» деген соң, соны естіп келіп тұрмын. Астанадан келдім. Киік те қоңыр аңның бірі ғой. Етінің дәмі қалай болады екен деген қызығушылық та жоқ емес. Бір ұша ғана алатын шығармын», — дейді Нұрлан Тәпен.

ет

Атын атаудан бас тартқан тағы бір тұрғын бала кезінде киік етін талай жегенін айтады.

«Өзім Жезқазғанның тумасымын. Бала кезімізде киік етін талай жедік қой. Ол кезде атуға шектеу жоқ болатын. Бірақ ол кезде браконьер деген де болған жоқ еді. Халық табиғаттың ырзығы деп қажетіне қарай атып алатын. Осында сатылып жатыр дегенді естіп, мен де Астанадан келдім. Көрем, сапасы дұрыс болса 4-5 ұшаны бірақ алайын деп тұрмын. Қысқа азық қой бұл да», — деді ол.

ет
ет
ет
ет

Біз Астананы қайта бетке алған кезде сағат 16.30-ды көрсетіп тұрды. Сол кездің өзінде комбинат алдында біршама көлік жиналып қалғанын көрдік.

ет

Айта кетсек, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров киік етін сататын жеті ет комбинаты бекітілгенін мәлім еткен еді.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі атылып жатқан киік ұшалары ет комбинаттарына қалай берілетінін түсіндірген болатын.

Сондай-ақ, Қостанай облысында киік етінен консерві шығарыла бастады.