Тығырықтағы Латын Америкасы
13.02.2024Наразылық шаралары кезінде билікке келген Оңтүстік Америка елдерінің басшылары күшейген саяси дағдарысқа тап болды
2019–2021 жылдар аралығында Латын Америкасы елдерін наразылық толқыны шарпыды. Халық елді экономикалық және экологиялық дағдарысқа алып келген әлеуметке қарсы бағытталған саясатқа қарсы шықты. Осыдан кейін билікке саяси бағдары әртүрлі көшбасшылар келді.
Кейбір елде демократиялық құқықты кеңейтіп, экономикалық теңсіздік пен климаттың өзгеруіне қарсы тұруға уәде берген коалициялар жеңіске жетті. Кейбір елде басшылық орынға мемлекеттің ресурстарды қайта бөлу саясатына, әйелдердің, жыныстық және этникалық азшылық құқығына қарсы адамдар отырды.
Алайда олар президент және депутат болғаннан кейін элитаның табанды қарсылығына және көшедегі ереуілдерге тап болды. Кейде билікті тартып алу әрекеттері де болды. Ал ұсынылған реформалар тұралап қалды, өйткені бұрынғы биліктің өкілдері үстемдік ететін парламент кедергі келтірді.
Власть Аргентина, Бразилия, Чили мен Венесуэла мысалында Оңтүстік Америка құрлығында не болып жатқанын әңгімелейді.
Аргентина: әлеуметтік мемлекетке шабуыл және көшедегі ереуілдер
2023 жылғы қарашада Аргентина президенті болып La Libertad Avanza консерваторлар коалициясын басқарған экономист Хавьер Милей сайланды. Оның сайлау алдындағы бағдарламасы экономикалық дағдарысты мемлекеттің экономикадағы рөлін азайту арқылы еңсеремін деген уәдеге құрылды.
Бұрын елде «перонистік» бағыттағы партиялар — бұрынғы президенттердің бірі Хуан Перонның жолын қуғандар үстемдік еткен болатын. Перонизм идеологиясы әлеуметтік мемлекет, экономикалық ұлтшылдық пен авторитарлық басқару принциптерін қиыстырды. 1989 жылдан басталған ірі экономикалық дағдарыстар кезінде перонистер өзін елді коллапстан сақтауға қабілетті жалғыз күш ретінде дәріптеді.
Бірақ кейінгі жылдары жемқорлық пен халықтың тұрмысын тұралатқан әсіре үнемдеу шаралары әлеуметтік мемлекет идеясының беделін түсірді. Милей мұны сайлауалды кампаниясының басты тақырыбына айналдырып, әлеуметтік мемлекетті және жемқор шенеуніктерді өмір сапасының төмен болуына басты себепкер деп атады.
Ол сайланған 2023 жылы елдегі инфляция 200 пайызға жетіп қалған, ал кедейлік деңгейі 40 пайызға жетті. 1970 жылдардан бері кедейлік 10 есе өскен.
«Мақсат — адамдардың еркіндігі мен дербестігін қалпына келтіру, еліміздегі экономика өсімін тежеп келген сансыз көп шектеуді алып тастау», — деп мәлімдеді ол.
Билікке келген соң Милей «аралау жоспарын» бастады. Қабылданған шаралар бастапқыда адамдарға зиянын тигізеді, бірақ басқа амал жоқ деп түсіндірді. Оның ойынша, елді құлдыраудан тек осылай ғана алып шығуға болады.
Әлеуметтік шығындарды қысқартуды және мемлекеттік компанияларды жаппай жекешелендіруді бастады. Сонымен қатар ұлттық валютаны девальвациялап, бағаның тағы да өсуіне себепкер болды.
Жалға берілетін жылжымайтын мүлік нарығын реттеуге және банктер мен сақтандыру компаниялары клиенттерден комиссия ретінде ұстап қалатын лимит қоюға тыйым салды.
Содан кейін қызметкерлер ереуіліне тыйым салатын және жұмыс жағдайын нашарлататын еңбек реформасы туралы жариялады. Оған сай, қызметкерлер жұмыстан шыққан кезде алатын өтемақы азаяды, сынақ мерзімі ұзағырақ болады және бала күтімі бойынша демалыс уақыты азаяды.
Бірақ сот бұл реформаны уақытша тоқтатты. Бұған кәсіподақтар қарсы шықты, өйткені бұл қызметкерлерді базалық әлеуметтік қорғаудан айырады. Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясы 24 қаңтарда жаппай ереуіл өткізуге шақырды.
«Милей бәрін жекешелендіруді және реттеуден шығарып тастауды, қызметкерлерді құқығынан айыруды және тұтас өндірісті жоюды ұсынып отыр. Бұның бәрі Конгрестің талқылауынан тыс жасалып жатыр», — деді Милей саясатын сынап сөз сөйлеген Буэнос-Айрес губернаторы Аксель Кичиллоф.
Милей саясатына қарсы алғашқы ірі наразылық шарасы ол сайланғаннан кейін бірден өтті. Буэнос-Айрес көшелеріне 10 мыңнан астам адам жиналып, мемлекеттік шығындарды қысқарту жоспарына қарсылық білдірді.
Милей бұған жауап ретінде оның жоспарына кедергі келтіретін кез келген топқа қарсы «қатаң шара» қабылдауға уәде берді. Кейінірек үкімет көшені жауып тастаған адамдар мемлекеттік жәрдемақы алу құқығынан айырылуы мүмкін деп мәлімдеді.
24 қаңтарда Аргентина кәсіподақтарының шақыруымен денсаулық сақтау, энергетика, көлік, құрылыс, банк секторы және басқа да сала қызметкерлері көшеге шығып, Милейдің саясатына қарсылық білдірді.
Жаппай ереуілге жауап ретінде Милей елде «екі Аргентина бар, біреуі артта, өткен шақта, құлдырау уақытында қалғысы келеді» деп мәлімдеді. Оның әкімшілігінің мүшелері кәсіподақ басшыларына «бандиттер», «кедейліктің кепілі» деп айдар тақты.
Бразилия: билікті тартып алуға талпыныс және климат өзгерісімен күрес
2022 жылғы қазанда Federação Brasil da Esperança солшылдар коалициясы атынан шыққан Лула да Силва президент сайлауында консерватив саясаткер, билік басындағы президент Жаир Болсонаруды жеңді. Елді 2019 жылдан бері басқарып келген Болсонарудың әрекеттері бұрыннан келе жатқан әлеуметтік және климаттық дағдарысты айтарлықтай өршітіп жіберді.
2003 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта президент болып, сол орнына қайтып келген Лулаға азаматтар саясатты демократиялайды деп үлкен үміт артқан еді. Бұрынғы мерзімі кезінде ол жақсы экономикалық өсімге қол жеткізіп, кедейлік пен әлеуметтік теңсіздік деңгейін қысқартқан болатын.
«Өкінішке қарай, келмеске кетті деп ойлаған өткен шағымызға 20 жылдан соң қайтып оралдық. Біз жасаған нәрселердің көбі жауапсыздықпен және қылмыстық жолмен жоқ болды. Теңсіздік артып, кедейлік тағы өсіп жатыр», — деді Лула ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Бірақ оны ұлықтағаннан кейін бір апта өткен соң Бразилия астанасында Болсонару жақтастарының наразылық шаралары басталды. Олар сайлау нәтижесі бұрмаланған деп мәлімдеді.
Санаулы сағат ішінде шерушілер үкімет ғимараттарына басып кіріп, ішіндегінің бәрін қирата бастады. Полицияның шерушілерге күші жетпегендіктен, Лула астанаға федералдық әскерді шақырып, соның көмегімен тәртіпсіздікті басты.
Бұл оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдары Трамп жақтастарының 2021 жылғы АҚШ Капитолиінде жасаған бүлігіне теңеді.
Болсонару жақтастары наразылық кезінде әскери интервенция талап етіп жатыр, фото: Eraldo Peres/AP Photo
Осы оқиғаларды тергеу үшін өкілеттігі кеңейтілген жоғарғы сот алты айдан кейін Болсонаруға 2030 жылға дейін президент сайлауына қатысуға тыйым салды. Сот бүліктің бәрі саясаткердің сайлау нәтижесі бұрмаланды деген мәлімдемесінен шықты деген қорытындыға келді.
Бұрын Болсонарудың командасында болған оңшыл саясаткерлердің көбі оны және үкімет ғимараттарына шабуылды айыптап, бұл демократияға төнген қатер деді.
«Еліміздегі саяси тап арасында осы әрекеттерге қатысты пәтуәміз бір», — деді Болсонару кезінде президент әкімшілігін басқарған саясаткер Сиро Ногейра.
2023 жылы Бразилияда кінәсін мойындаған 880 адам сотталды. Тергеу кезінде 2022 жылғы 8 қаңтардағы оқиғада Болсонару басқарған тұста позициясы күшейген әскерилер белсенді рөл атқарғаны белгілі болды.
Билікке келген Лула экологиялық саясатты негізгі бағдар етуге уәде берді. Климат өзгерісін «адамзат осы күнге дейін бетпе-бет келген ең үлкен проблема» деп атады.
Президент болған бір жылында Бразилияда орман отау қарқыны бес жылдың ең төменгі көрсеткішке дейін азайды. Ол Қоршаған орта және қалпына келетін табиғат ресурстары институты, сондай-ақ Болсонару тоқтатып тастаған Ұлттық үндістер қоры қайта қаржыландырылады деп мәлімдеді.
Басқа оңтүстікамерикалық көшбасшылармен бірге, соның ішінде солшыл коалиция атынан сайланған Колумбия президенті Густаво Петромен бірге, Лула сыртқы қарыз төлемінің орнына кредиторлар Жаһандық Оңтүстіктің кедей елдерін қоршаған ортаны қорғау саясатын белсенді жүргізуге міндеттеуін қолдады.
Сонымен қатар нәсіл теңдігі министрлігі құрылды. Алайда Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы шығу тегі африкалық адамдарға үлкен зиянын тигізіп отырған полиция тарапынан болатын зорлық-зомбылықпен күресуге арналған батыл шешімдер қабылданбағанын айтып отыр.
Әйтсе де HRW Лула әкімшілігі Амазонка ормандарын, әйелдердің құқығын және басқа да құқықтарды қорғауда 2023 жылы маңызды прогреске қол жеткізгенін атады. Бірақ Лула әкімшілігі үшін парламентте қолдайтын көпшіліктің жоқтығы проблема болып отыр.
2022 жылғы Лула сайлауда Болсонарудың келесі мерзімге өтуіне мүмкіндік бермеуге ұмтылған коалиция құрды. Бірақ парламенттің төменгі палатасына коалициядан 513 адам ішінен 81 депутат қана сайлана алды. Парламенттегі президентті қолдайтын басқа фракциялармен бірге Лула тек 220 депутатқа, жоғарғы палатада сексен бірдің ішінен 14 мүшесіне ғана сенім арта алады.
Нәтижесінде Бразилия конгресінің ісі әлі де Болсонарудың жолымен келе жатыр. Ол байырғы тұрғындар (шамамен 1,7 млн адам) тұрып жатқан жердің көп бөлігіне деген құқығына қауіп төндіре алатын заңды мақұлдаған болатын. Лула оған вето қойды, бірақ парламент шектеуді еңсеріп кетті.
Чили: іске аспаған конституциялық референдум және элитаның қарсылығы
2021 жылы Apruebo Digninad солшылдар коалициясынан шыққан кандидат Габриль Борич екінші турда 56% дауыс жинап, Чили президенті болған еді. Ол тарихтағы ең жас президент болып шықты, сол кезде 35 жаста еді.
Аймақтың басқа да мемлекет басшылары секілді, Борич те кампаниясын әлеуметтік шығындарды көбейтуге және теңсіздікті қысқартуға уәде беруге бағыттады.
Оның сайлануына жаңа Конституция қабылдауды талап еткен 2019 жылғы жаппай наразылық шараларының қатысы бар деп айтылады. Аугусто Пиночеттің 15 жылдық диктатурасы кезінде қабылданған бұрынғы әлеуметке қарсы Конституция мемлекеттің азаматтардың әл-ауқаты үшін жауапкершілігін жоқ қылды.
2019 жылғы наразылыққа жауап ретінде күш көрсету орын алып, төтенше жағдай жарияланды. Соған қарамастан артынан референдум өтіп, жаңа Конституция әзірлеуге шешім қабылданды.
Бұл жұмыс Борич міндетіне кіріскенде басталды. Құжатқа сәйкес, мемлекет «әлеуметтік, демократиялық және құқықтық» елге айналып, адамдардың абыройын, бостандығын, шән мәніндегі теңдігін және олардың табиғатпен ажырамас байланысын мойындайды. Конституция аборт жасау құқығын, байырғы халықтардың егемендікке, баспанаға, интернетке, таза ауаға және басқаларға құқығын бекітті.
Осындай мазмұндағы Конституцияға қарсылар оның беделін түсіруге тырысты. Олар «баспана экспроприацияланады, ал жеке меншік жойылады» деп жар салды. Конституция қабылданса, «заң алдындағы теңдік принципі байырғы халықтар мен басқа да азшылықтар пайдасына шешілетін болады» деді.
Нәтижесінде сайлаушылардың 62 пайызы жаңа Конституцияны қабылдауға қарсы болды. Бұл солшыл коалиция үшін айтарлықтай жеңіліс еді. Осыдан кейін Конституция қайта әзірлене бастады, бұл процесті консерваторлар басқарды.
Олар жасаған құжат нұсқасында денсаулық сақтауды, білім беруді және әлеуметтік қамтамасыз етуді дамытуда басты назарды жеке секторға беру көзделген. Бірақ 2023 жылғы желтоқсандағы референдумда оны да сайлаушылардың 56 пайызы қабылдамай тастады. Содан кейін Борич өзінің мерзімі аяқталғанша жаңа конституция әзірленбейді деп мәлімдеді.
«Еліміз әр тарапқа бөлініп кетті. Конституцияны әзірлеу барлығының мүддесін қамтитын жаңа құжат жасауға деген үмітті ақтамады», — деп қорытты ол.
Басқа шешімдерді қабылдау кезінде Борич парламент қарсылығына да ұрынды. Нәтижесінде елді жекеменшік зейнетақы жүйесінен бас тартқызу және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру үшін салықты арттыруға қатысты жоспары да бұзылды.
Оның бірнеше ғана жеңісі бар: ең төменгі еңбекақыны арттыру және 40 сағаттық жұмыс аптасын енгізу. Сондай-ақ ол гендерлік теңдікке сай министрлер кабинетін құрып, бір жынысты жұптардың азаматтық некеге тұру құқығын мойындайтын заң қабылдай алды.
Венесуэла: сайлау, оппозиция және территорияға талас
Венесуэлада 2013 жылдан бері Николас Мадуро президент болып келеді. Бірақ 2023 жылы ел үкіметі оппозиция көшбасшыларымен 2024 жылы әділ түрде президент сайлауы өтеді деген келісімге қол қойды.
Келісімге Америка Құрама Штаттарымен келіссөз кезінде қол жеткізілді. Келісімге Америкадан депортацияланған Венесуэла мигранттарын қабылдау да кіреді. Есесіне АҚШ Венесуэланың мұнай өнеркәсібіне қойылған экономикалық санкцияның бір бөлігін доғарады.
Оппозиция Мадуроға қарсы ортақ кандидатын таңдау үшін алдын ала дауыс берді. Оған халықтың шамамен 10 пайызы қатысты.
Ортақ кандидат Мария Мачадо болды, ол мемлекеттің экономикадағы рөлін азайтуды жақтайды.
Кейін Венесуэланың бас прокуратурасы оппозицияның бірнеше қайраткерін мемлекетке опасыздық жасады деп айыптады. Бірақ үкімет ақыры оппозициямен тағы бір рет келісімге келіп, оларға мемлекеттік лауазымға сайлауға түсуге қойылған тыйымға шағымдануға рұқсат етілді. Мачадо 2023 жылғы желтоқсанда шағымданды.
«[Үкімет] менің сайлауға қатысуыма кедергі келтіру үшін сылтау іздеп жатыр. Бірақ олар бізді сайлау бәсекесінен бас тартқыза алмайтынын көрсетпекпіз», — деп мәлімдеді жоғарғы сот ғимаратынан шыққан Мачадо.
Осымен бір уақытта Венесуэлада басқа референдум өтті. Онда сайлаушылардың 95 пайызы көршілес Гайанадағы мұнайға бай Эссекибо аймағы Венесуэлаға тиесілі деген тұжырымды қолдады. Мадуроның мәлімдеуінше, венесуэлалықтар Эссекибоның Гайанаға берілуіне негіз болған ХІХ ғасырдағы келісімді заңсыз деп есептейді.
14 желтоқсанда Гайана мен Венесуэла арасында келіссөз өтті. Олар күш қолданудан бас тартуға, дауды халықаралық құқыққа сәйкес шешуге келісті. Бірақ Мадуро халықаралық құқықты мойындамайды.
Елдер арасындағы шиеленіс Ұлыбритания Гайанаға патруль кемесін жібергеннен кейін тағы өршіді, Мадуро бұны арандату деп қабылдады.
Бұның бәрі 2014 жылы мұнай бағасының арзандауынан және кейін АҚШ салған санкциялардан басталған Венесуэладағы көп жылдық экономикалық дағдарыс аясында болып жатыр.
Бұрынғы президент Уго Чавес кезінде 1998–2011 жылдар кезеңіндегі кедейлік деңгейі екі есе төмендеп, 32 пайызға түсті. Мемлекет мемлекеттік қызметтер мен азық-түлікті тегін қылып, шығынды біраз көбейтті.
Бірақ 2014 жылы мұнай бағасының құлдырауы, артынан келген экономикалық дағдарыс халықаралық оқшаулаумен бірге Мадуро үшін Венесуэлада оппозиция мен белсенділерге қарсы репрессияны күшейтуге себеп болды. Бұл оның режимін тым авторитар етіп, халықаралық қауымдастықпен жау қылды.
Поддержите журналистику, которой доверяют.