Алматы мен өңір арасында LRT іске қосыла ма?

21.05.2025
Опубликовано в Истории

LS редакциясы Есік-Талғар- Алматы- Қаскелең- Ұзынағаш және Алматы- Қонаев бағыттары бойынша жеңіл рельсті көлік жүйесі (LRT) жобасының қай кезеңде екенін анықтады.

Өңірлік әкімдіктің редакция сұрауына берген жауабында бұл жоба қаржылық шарттардың сәйкес келмеуіне байланысты уақытша тоқтатылғаны хабарланды.

"Жобаның ауқымына байланысты мәселе республикалық деңгейде қаралуы мүмкін", – деп мәлімдеді әкімдікте.

Әкімдік өкілдері бұл жобаны алғаш болып түрік компаниясы ұсынғанын хабарлады. Талғар мен Қаскелеңде автокөліктерге арналған арнайы тұрақтар салу жоспарланған. Сол тұрақтардан тұрғындар жеңіл рельсті көлікпен Алматыға қатынай алуы тиіс болған. Жобаның бірінші кезеңі ретінде Талғар мен Алматы арасындағы LRT желісін салу көзделген. Қонаев- Алматы бағыты екінші кезеңге жоспарланған.

Ведомство жеңіл рельсті көліктен бөлек, өзге де қоғамдық көлік түрлерін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты түрлі нұсқаларды бағамдауға жол ашады деп болжануда.

"Бұл саладағы жобаларға қызығушылық әлі де жоғары, соның ішінде халықаралық инвесторлардың тарапынан", – деп түйіндеді әкімдікте.

Айта кетейік, Алматы мен Қонаевты жалғайтын жеңіл рельсті көлік- маглев құрылысын Оңтүстік Кореялық компания ұсынған. Компания өкілдерінің айтуынша, маглев- болашақтың көлігі.