43 миллион теңгеге жуық жалған ақша айналымнан алынды

07.10.2024
Опубликовано в Недвижимость

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда ірі көлемдегі жалған 100 долларлық купюраларды өткізу фактісін анықтады.

Алматының екі тұрғыны криптовалюта сатып алу желеуімен жалпы сомасы 32 700 АҚШ долларын құрайтын жалған шетелдік купюраны бірнеше рет сатты.

Сот үкімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 5,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Агенттікпен жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 647 100 теңге сомасына 141 купюра, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра анықталды.

Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы құны 43 млн теңгеден асады.

Жалпы, ағымдағы жылы жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

ҚМА валюта айырбастау кезінде қырағылық таныту керектігін ескертеді.

Қызметі қолма-қол ақша айналымымен байланысты азаматтар мен қаржылық мониторинг субъектілерін (ЕДБ, айырбастау пункттері, ломбардтар және т.б.) жалған банкноттар табылған жағдайда дереу ҚМА-ның аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырамыз.

Сурет: Zakon.kz