Біліктілік сертификатын сатып алған ақтөбелік 110 педагог үстемеақыны қайтарады
03.10.2023 Ақтөбеде 110 педагог біліктілікті арттыру сертификатын сатып алған. Олар күні бүгінге дейін 97 млн теңге үстемеақы алып, мемлекетке шығын келтірді. |
Қазір өз еркімен қайтарып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы бойынша біліктілікті арттыру тестінің жауаптарын беріп, сертификат алуға көмектескен төрт ұйымдастырушы сотталып, үкім шыққан соң педагогтер тексерілді.
Алғашқы кезде тізімде 800-ден астам адам болғанымен, нақты 110 педагог анықталған.
Қазіргі кезде олардың жылдар бойы 97 млн теңге үстемеақы алып келгені белгілі болды.
- Ақтөбе облыстық ішкі аудит және Антикор жалған сертификатты анықтады. Біліктілікті арттырған соң барлығы 110 педагогке 97 млн теңгеден астам үстемеақы аударылғаны белгілі болып отыр. Қаржы 1-2 жылда жиналып қалған. Әр адамға 800 мыңнан, кейде 1,2 млн теңгеден келіп тұр. Қазіргі уақытта 75 млн теңгеден астам қаржы кері қайтарылды. Қазір тек 22 млн теңгеге жуық ақша қалып тұр. Кейбірі шын мәнінде өзі тапсырып, өткенін айтып отыр. Бірақ оны сот арқылы дәлелдеуі керек. Барлығы 5-6 педагог соттасамын деді. Қалған педагогтер қаржылық қиындыққа байланысты шамалы уақыт сұрады. Мойындады, ақшасын қайтарады,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов.
Оның айтуынша, енді модератор біліктілігін алған адамдар үстемеақы алмайды, қайта біліктілікті арттыру үшін де 5 жыл уақыт керек.
- Педагогтерді шақырған, осы жолмен өтуге болатынын айтып арбаған. Қатты кінәсі бар деп айта алмаймын. Сөйтіп бірінен кейін бірі ілесіп кете берген. Пендешілікке салынған. Өкініш бар. Кейбірі қайта тапсыра аламыз деп сенімді отыр. Алайда 5 жыл күтеді. Үстемақы ала алмайды, тек жалақысын алады,- деді Артур Әуезов.
Еске салсақ, барлығы 886 адам тізімге ілінсе, алғашқы кезде 800-і ақтөбелік екені айтылды.
Нақтылай келе 110 педагогтің сертификат үшін ақша төлегені белгілі болып отыр.