Қайрат – Реал Мадрид ойынына орай пәтер жалдау қымбаттауы мүмкін
04.09.2025
Қыркүйекте Алматыда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі Қайрат – Реал Мадрид ойыны өтеді. Осыған байланысты LS тілшісі маманнан қаладағы жалға алу бағасының өзгеруі жайлы сұрады.
Жылжымайтын мүлік нарығының өкілі Александр Пактың айтуынша, жалға беру құнын дәл болжау оңай емес. Алайда ол мұндай ірі шара кезінде Алматыда тәуліктік пәтер бағасы әдеттегіден үш есе, тіпті одан да жоғары көтерілуі ықтимал екенін атап өтті.
Мысал ретінде А. Пак 2015 жылы Таразда өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын еске салды.
"Ол кезде қаладағы тәуліктік жалдау құны 8-10 есеге қымбаттады. Әдетте 5-7 мың теңге тұратын пәтерлер мерейтой күндері 40-60 мың теңгеге дейін жеткен", – деді ол.
Сарапшының сөзінше, Алматыда қазір тәуліктік жалдау бағасы шамамен 25 мың теңгеден басталады.
Айта кетейік, қыркүйекте қалаға Реал Мадридтен бөлек, Backstreet Boys тобы да гастрольдік сапармен келеді.
Еске сала кетсек, алматылық Қайрат футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама жеңіп алды. Қыркүйектен қаңтарға дейін команда сегіз қарсыласымен өз алаңында да, сырт алаңда да бақ сынайды. Алғашқы кездесу Алматыда өтіп, онда Қайрат испанияның ең танымал клубтарының бірі Реал Мадридке қарсы ойнайды.
Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов те мұндай деңгейдегі клубтың Алматыға келуі қысқа мерзімді жалға алу нарығында сұранысты күрт арттыратынын атап өтті.
"Алматының орталық бөлігінде уақытша жалдау бағасы 10-20% шамасында көтеріледі деп күтілуде. Әсіресе бизнес пен премиум санаттағы пәтерлерге сұраныс артады. Бұл кезеңде тәуліктік жалдау құны орналасқан жері мен бөлме санына қарай орта есеппен 15 мыңнан 35 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін", – деп түсіндірді ол.
Сарапшының пікірінше, мұндай бағаның көтерілуі тек ірі спорттық шараға байланысты уақытша құбылыс қана. Матчтар аяқталған соң жалдау құны қайтадан әдеттегі деңгейге оралады.
"Талғар, Есік пен Қонаев сияқты Алматыға жақын қалаларда баға өзгермейді. Себебі мегаполистегі жоғары сұраныс пен сапалы пәтерлердің тапшылығы бұл өңірлерге ықпалын тигізбейді. Сарапшылардың айтуынша, ұзақ мерзімді қымбаттау күтілмейді. Жылжымайтын мүлік нарығы мұндай оқиғаларға тек қысқа мерзімде ғана әсер етіп, шара аяқталған соң қайта тұрақталады", – деді Е. Мүсірепов.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанда жаңа баспана бағасы шамамен 10%-ға өскенін жазған болатын.