Блогерлер жарнамалық жазбаларына белгі қоюға міндеттеледі
22.02.2024 Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2 наурыздан бастап инфлюенсерлер (блогерлер) әлеуметтік желілерге орналастыратын жарнама материалдарын таңбалауға тиіс екенін айтты. |
Бұл «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңның аясында жүзеге асып отырған шара, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Заң жобасына былтыр 10 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған болатын
«Құжаттағы көрсетілген негізгі құқықтық тетіктердің бірі – желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі.
Ережелер бизнеске әсер ету үшін оң бағаланғанын және толығымен Қазақстанның онлайн сегментінде кең таралған қазіргі тәжірибеге негізделгенін атап өту қажет. Осы ережелерді қалыптастыру кезінде коммерциялық негізде орналастырылған контентті өз бетінше белгілейтін медиа-субъектілер тәжірибесіне сүйендік. Біз өз кезегімізде осы трендті Қазақстан Республикасының бүкіл интернет кеңістігіне тарату жөн деп есептейміз.
Одан өзге осы ережеге сәйкес инфлюенсерлер (блогерлер) коммерциялық немесе шарттық негізде орналастыратын онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс», — деп жазды Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министр хабарлағандай, блогерлер жарияланымның басында немесе соңында онлайн ортада белсенді қолданылатын төмендегідей тұжырымдардың бірін көрсету керек:
- «жарнама»;
- «жарнамалық материал»;
- «серіктестік материал»;
- «демеушілік материал»;
- «жарнама құқығында»;
- «демеушімен төленген»;
- «PR құқығында»;
- «реклама»;
- «рекламный материал»;
- «партнерский материал»;
- «спонсорский материал»;
- «на правах рекламы»;
- «оплачено спонсором»;
- «на правах PR».
Әлеуметтік жарнаманы (қайырымдылық және коммерциялық емес сипаттағы басқа да қоғамдық пайдалы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған) және жедел хабар алмасу қызметтерінде (мессенджерлер) орналастырылатын жарнаманы белгілеудің қажеті жоқ.
Ережелер 2 наурыздан бастап күшіне енеді.