Абай облысында 7 медициналық пункт өз жұмысын бастады
28.10.2024Медициналық мекемелер Республика күнінде ашылды.
Республика күні Жарма ауданының Салқынтөбе, Бородулиха ауданының Успенка, Көкпекті ауданының Үлгілі-Малшы, Биғаш, Шәріптоғай және Бесқарағай ауданының Белокаменка, Стеклянка ауылдарында медициналық пункттер салтанатты түрде ашылып, жұмыстарын бастады.
Жаңа пункттердің ашылуына ризашылық білдірген көкпектіліктер медициналық көмектің қолжетімді екендігін айтады.
"Енді ауылымызда өзіміздің медициналық пунктіміз бар. Бұрын дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына баратынбыз. Енді жолға шығудың қажеті жоқ. Бұл мемлекеттің қамқорлығы деп білеміз", — дейді Биғаш ауылының тұрғыны Қадыр Әлімбаев.
Дәл осындай жүрекжарды ризашылықтарын ғұмырының жарты ғасырын ұстаздыққа арнаған Людмила Соколова және Надежда Другова сынды өзге де аудан тұрғындары жеткізді. Ал, Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев медициналық пункттердің ашылуы ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалауда үлкен рөлге ие екенін, мемлекеттік бағдарламаның шарапаты ауылға да жетіп отырғанын жеткізді.
"Барлық медициналық пункттер бір мезетте 25 адамға дейін қызмет көрсете алады. Барлығында емшара қабылдау мен физиотерапия кабинеттері және дәріхана бар. Жаңа медициналық пункттер заманауи стандарттарға сай келеді. Қажетті кабинеттер мен алғашқы медициналық көмек көрсету қарастырылған. Пункттер су, жылу желілері, электрмен жабдықталып, пандустар орнатылған", — деп қосты облыстық құрылыс басқармасында.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі